Таныс болыңыз: Аскерхан Ақтай

25 Шілде, 2020

«Отандастар қорының» жанында Қандастарға қолдау көрсету орталығы жұмыс істейтіні көпшілікке мәлім. Бүгінде Қазақстанның 10 облысында осы орталықтың өкілдері бар.

Қандастарға сапалы қызмет көрсетіп, мәселелерін нақты шешу үшін сол жердегі мамандардың кәсіптік біліктілігімен қоса көші-қон мәселелсінде өмірлік тәжірибесі болуы шарт. Сондай өкілдің бірі – ШҚО бойынша Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының сарапшысы Аскерхан Хуанбайұлы Ақтай.

Ұлты қазақ, жасы 46-да. Филолог, ақын. Туған жері – Моңғолия, Баян Өлгей. Қазақстанға 2008 жылы көшіп келген. Үш баланың әкесі. Қазір Өскемен қаласында тұрады.

Аскерхан Ақтай республикалық «Ер жеңісі – Ел жеңісі» жыр сайысының, «Дінім – діңгегім» жыр мүшайрасының жеңімпазы. Қазақстан ішінде және халықаралық деңгейде өткен ондаған шығармашылық сайыстардың жүлдегері. Қазақ хандығының 550 жылдық мерекелі медалімен марапатталған. «Отың өшпейді, Әке», «Жылқышы би», «Көшім хан-Сүзге сұлу», «Ахметтің аманаты», «Махаббат гүлзары», «Ай қараңғысы», «Ботақара-Шешенбике», «Балпық би» атты драмалардың авторы.

Жеке авторлық қорында «Сүмбіле» және «Зүбәржаттың жарқылы» жыр кітаптары бар. Өлеңдері бірнеше жинақтарға, антологияларға енген. Драмалары еліміздің театрларының сахналарында қойылып жүр.

1997-2007 жылдары Монғолия мемлекетінде білім беру және әкімдік саласында әртүрлі қызметтерді атқарған. Қазақстанға қоныс аударған соң Қостанай облыстық  газетінде, Өскеменде іс басқарамасы мен ішкі саясат бөлімінде жұмыс істеген. Педагогикалық тәжірибесі де бар.

2012-2016 ж аралығында Өскемен қаласы әкімдігі білім беру бөлімінің «Мектепаралық өнер және денешынықтыру орталығы» КҚМК директорының орынбасары қызметін атқарды. Шығыс Қазақстан облысындағы «Тілдерді үйрету орталығында» ұстаздық етті.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жүйесінде 2018 жылдан бері қызмет етуде. Қандастарды қолдау орталығының Өскемендегі фронт-кеңсесіндегі жұмысын 2020 жылдың қаңтарында бастаған.

Қоғамдық белсенділігі:

1. БҰҰ-ның Даму бағдарламасының аясында «Шығыс қыраны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызыметінде «Оралмандардың әлеуметтік бейімделу жобасына» қатысып, Шығыс Қазақстан облысында қандастар орналасқан бірқатар ауылдарды ауыз сумен қамту жобасын сәтті атқарған;

2. 2012 ж ШҚО бойынша ірі жетістіктерге жеткен оралман қандастарды насихаттау мақсатында «Атажұртқа арнау» жобасын нәтижелі орындады;

3. Халифа Алтайдың 100 жылдығының Өскемен қаласында атап өту шарасына ат салысқан.

Таныс болыңыз: Аскерхан Ақтай