Отанның тірегі – «ОТАНДАСТАР» ҚОРЫ

25 Маусым, 2019

2017 жылы Дүниежүзі қазақтарының V-ші құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Отандастар» қорын құруды тапсырып, осы қор арқылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына шетелдегі ағайынмен байланыс жасауды міндеттеген болатын. Шетелдегі этникалық қазақтар мен қандастарға көмек көрсету үшін құрылған «Отандастар қоры» КЕАҚ (коммерциялық емес акционерлік қоғамы) 2018 жылы өз жұмысын бастады. Сол бір жылда қор қандай іс-шаралар атқарды? Шекара асқан қандастар үшін әзірленіп жатқан «Қазақ картасы» қандай құжат? Бүгін осы сауалдарға жауап іздейміз.

«ОТАНДАСТАР» ҚОРЫ: МАҚСАТ ПЕН МІНДЕТ

Шетелде күн кешіп жатқан қандастарын атажұртына жинап жатқан әлемдегі төрт-бес елдің бірі – Қазақстан. Қазақ санын көбейтудің бір жолы – өркениетті елдердің этностық көшті жүргізудегі озық тәжірибелерін, оның оңтайлы тұстарын елімізде пайдалану. Осыған байланысты Елбасының Қазақстанның қоғамдық жаңаруы аясында шетелдегі қазақтарды қолдауға бағытталған бірқатар тапсырмалары негізінде ҚР Үкіметі 2018-2022 жылдарға арналған шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөнінде іс-шаралар жоспарын бекітті. 
Елбасының тапсырмасы бойынша 2017 жылы 13 қазанда Үкіметтің «Отандастар қоры» мемлекеттік коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы» № 644 қаулысы шықты. Енді қоғамдастық Қазақстан Республикасына келген этникалық қазақтар мен шетелдік ағайындарға қолдау көрсетуді қамтамасыз ететін болады. «Отандастар» қоры мемлекеттің толықтай қатысуымен құрылды. Мемлекеттік акция пакетінің 50%-ын иелену және қолдану құқығы ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне берілсе, қалған жартысы – ҚР Сыртқы істер министрлігіне бекітілді. 
Қор шетелдегі этникалық қазақтардың білім алуын, ана тілін сақтауын қамтамасыз етіп, атамекенге оралған қандастарды қолдау, шетелде тұрып жатқан қазақ диаспорасымен байланыс орнату мәселелеріне баса назар аударады. 
«Отандастар» қорының басты мақсаты – жоспарлар мен ұлттық бірегейлікті жүзеге асыру. Ал, қордың міндеті – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, әлем қазақтарын бір шаңырақ астына топтастыру, сондай-ақ, шетелдегі және елімізге оралған қандастарымызға білім беру, мәдени және құқықтық салаларда қолдау көрсету. 
«Отандастар» қоры құрылған бір жылдан бері алыс-жуықтағы ағайынды қолдап-қуаттау үшін көптеген жұмыстар атқаруда.

ҚОР ЖҰМЫСЫН ҚАЛАЙ ҮЙЛЕСТІРЕДІ?

Бүгінгі таңда «Отандастар» қоры жұмысты үш бағытта жүргізуді қолға алған.
Біріншісі – шеттегі қандастарға ана тілімізді, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді танып, сақтап қалуда жан-жақты қолдау көрсету. 
Екіншісі – тарихи Отанына көшіп келген ағайындардың бейімделуіне және көшуге ниетті отандастарға көмек беру. 
Үшіншісі – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен тығыз байланыс жасай отырып, аталған жұмыстарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету. 
«Түрлі ақпараттарға сүйенсек, шеттегі қазақтар саны 5 миллионнан 8 миллионға дейін жуықтайды. Бұл ­ фактор диаспора саясатына ерекше назар аударуды талап етеді. Сондықтан, біздің басты қызметіміздің бірі – қандастар ­туралы жинақталған мәліметтерді өзектендіріп әрі жүйелендіріп, елдер бойынша қазақ диаспорасының және елге оралған ағайындардың мәселелерін қосымша зерттеп, халықаралық тәжірибені зерделей келе, қорытындысында мемлекеттік диаспора саясаты бағдарламасына ұсыныстар әзірлеу. Бұл дегеніміз – диаспора саясатына мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін тиімді үйлестіру, саясат саласының тұжырымдамасын әзірлеу, бизнес-модельдеу негізінде экономикалық тұрғыдан өлшенген, әсіресе ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына ұшталған, демографиялық, этнологиялық, миграциялық мүдделерімізді қамтыған және статистикалық мәліметтерге негізделген мемлекеттік бағдарлама әзірлеу сынды күрделі жұмыстарды меңзейді. Бұған қоса қолданыстағы ұлттық және халықаралық заңнаманы зерттеу негізінде диаспоралық мәселелерді реттейтін құқықтық дербес сала қалыптастыру міндеті тұр. Яғни, шетелдегі қазақ диаспорасын қолдау туралы заң жобасын әзірлеу қажет. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар тарапынан қолдау бар. Осы орайда сарапшылар, ғалымдар, ғылыми-зерттеу ұйымдарын тарту арқылы бұл бағыттағы жұмыстарды бастап кеттік. Жылдың аяғында нәтижесі көрінеді деген сенімдеміз. Сонымен бірге, біз үшін бүкіл қызметіміздің ашықтығын қамтамасыз ету өте маңызды. Жоғарыда айтылғандай, диаспора саясаты мәселелері бойынша қоғамның түрлі көзқарастарын ескеретін диалог алаңдары құрылуда. Кез келген күрделі мәселелер қоғамдық комиссия, ғылыми-сарапшылық кеңес сияқты құрылымдарда қоғамдық талқыға салынып, сүзгіден өтетін болады. Комиссияның негізгі міндеті – отандастарды қолдау мәселелері бойынша республикалық деңгейде талқылау ұйымдастыру және шешім қабылдау кезінде жұртшылық мүддесін білдіру, пікірін ескеру, жалпы отандастарды қолдау мәселелеріне қатысты мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдеріне мониторинг жүргізу», – деді «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның басқарушы директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымының докторы, профессор Еркін Оңғарбаев. 
«Отандастар» қоры жұмысын жобалық кеңсе форматында отандастарға қызмет көрсетудің бірыңғай операторы ретінде ұйымдастырады. Тарқатып айтқанда, диаспоралық саясат бағдарламаларын әзірлеу, Байланыс орталығы мен қоғамдық қабылдау жұмысын үйлестіру, диаспора сая-саты мәселелері бойынша қоғамның түрлі көзқарастағы ағымдарын ұштастыратын диалог алаңдарын құру, білім саласында шетелде қазақ тілін үйрету бойынша білім беру инфрақұрылымын құру, шетелдегі қазақ диаспораларының балаларына Қазақстанда оқуға жағдай жасау, қазақ диаспорасы мен қазақстандық бизнес өкілдерінің іскерлік байланыстарын орнатуға және нығайтуға ықпал ету, бүкіл әлем қазақтарын бір ақпараттық ортаға тарту үшін бір интернет-платформа негізінде қазақтардың бірыңғай экожүйесін құру, мемлекеттік және басқа да құрылымдармен өзара ықпалдастық орнату, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен ынтымақтастықты нығайту сынды қордың барлық жұмысы – Елбасының V Дүниежүзі қазақтары құрылтайында берген тапсырмаларының аясында бірнеше бағытқа үйлестіріліп, жүзеге асырылуда.

«ОТАНДАСТАР» ЖАСТАРДЫҢ ОҚУЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРА МА?

Қорда шетелде қазақ тілін үйрету бойынша білім беру инфрақұрылымын құру, шетелдегі қазақ диаспораларының балаларына отандық ЖОО-да оқуға арналған және шетелде білім алуы үшін стипендиялар тағайындау, Назарбаев зияткерлік мектептері негізінде қазақ халқының дәстүрлері мен тарихын қамтыған қазақ білім беру турларын ұйымдастыру қарастырылған. 
«Қазіргі таңда шетел қазақтары үшін жыл сайын еліміздің оқу орындарына бөлінетін квота 4 пайызға өсті. Одан бөлек, жыл сайын ЖОО негізінде өтетін дайындық курстарына 1000 орын бөлініп келді. Дәл қазір 18 жоғары оқу орындарында 992 бала дайындық курстарында оқып жатыр. Сондай-ақ алғаш рет қандастарымыздың жоғары білім алуы үшін әлемдік тәжірибе негізінде стипендиялық бағдарлама әзірленуде. Келесі бір үлкен жоба – сырттағы қандастарымызға қазақ тілін оқытудың онлайн сыныптарын ұйымдастыру. Одан басқа диаспора арасындағы қазақ тілі мұғалімдерін арнайы дайындық курстарынан өткізу жұмыстары жүргізілуде», – деп атап өтті Еркін Әнуарұлы.

ҚАНДАСТАР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛАДЫ

Құжат рәсімдеу барысында қандастардың құқығы қорғалып, жемқорлыққа мүлде жол берілмеуі тиіс. Мұндай мәселелерді шешу үшін «Байланыс орталығы мен қоғамдық қабылдаулар» деп аталатын жоба іске қосылған. Мұндағы мақсат – «Бір терезе» қағидаты негізінде барлық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету. Осы бағытта мүдделі мемлекеттік мекемелермен басқосулар өткізіп, бірлесіп жұмыс атқаруда. 
Бірегей байланыс орталығы қызметі бар. Оған мына байланыс түрлерімен хабарласуға болады: 
1404 (барлық қазақстандық мобильді операторлар үшін тегін); 
8 800 080 1404 (барлық қазақстандық қалалық қоңыраулар үшін тегін); 
+7 (7172) 98-14-04 (барлық қазақстандық қалалық қоңыраулар үшін тегін, халықаралық қоңыраулар үшін шетелдік операторлар белгілеген ставкамен); 
+7 701 000 1404 (WhatsApp, Telegram хабарламалар үшін). 
Орыс тілін білмейтін Қытай, Моңғолия, Иран сияқты елдерден келген қандастар үшін «Отандастар қоры» әр өңірлердегі көші-қон бөлімдерімен тығыз байланыс орнатып, этникалық қазақтармен мүмкіндігінше қазақтілді мамандардың жұмыс жасауын қадағалап отыратын болады. Олардың тұрақты тіркелуі, «Оралман» мәртебесін ұзарту мерзімі, ықтиярхат немесе Қазақстан азаматтығын алу мәселелері бойынша мемлекеттік құзырлы органдармен тығыз байланыс қалыптасуда.

ҚОРДЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

«Отандастар» қорының дерегінше, 2018 жылы мемлекеттік тапсырыспен үш ірі шара ұйымдастырылған. Өткен жылы қарашада Нұр-Сұлтанда «Қасиетті қазақ елі» өнер фестивалі өтіп, шараға шетелден 38 этникалық қазақ және Қазақстанға көшіп келген 70-тей қазақ қатысқан.
2018 жылы 7-9 желтоқсан күндері Ресейдің Омск қаласында кіші құрылтайын өткізіп, іс-шараға Ресейдегі қазақ диаспорасынан 50-60 адам қатысқан.
«Отандастар» қоры былтыр Түркия, Қырғызстан, Моңғолия, Иран, Қытай, Өзбекстан, Ресей және Еуропадан 28 қазақты шақыртып, «Қасиетті Қазақстан. Туған жерге тағзым» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістанға саяхат ұйымдастырған.
Ал 2019 жылға бюджеттен 300 миллион теңге бөлінген. Қор шетелде тұратын этникалық қазақтар мен қандастардың балаларын Қазақ-стандағы демалыс лагерьлеріне жіберуді қарастырған. Сонымен қатар, «Отандастар» қоры шетелден көшіп келген қазақтарды қоғам-ға бейімдеп, кәсіп ашуға көмек көрсетуде.

ҚОРДЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫЛАРЫ

Қордың негізгі құрылтайшысы – ҚР Сыртқы істер министрлігі. Бүгінде аталған министрлік-пен бірлескен іс-шаралар жобасы әзірленіп, елдің барлық елшіліктерінде диаспорамен жұмыс жөніндегі кеңесшілер белгіленген. «Отандастар қоры» өткен жылдың соңында Түркияның қос бірдей мекемесімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Оның бірі – Шетелдік түріктер және туыстас халықтар басқармасы болса, екіншісі – Юнус Эмре институты. Құжат мекемеаралық диаспора саясатына қатысты тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып, шет елдерде өмір сүретін түрік және қазақ диаспоралары арасында байланысты нығайтып, өзара ынтымақтастықты арттыру жолдарын айқындады. 
Қордың бірқатар елдерде шетелдегі диаспораларға қолдау көрсететін әртүрлі институттары бар. Осы ретте өзара ынтымақтастық туралы шетелдік серіктестермен, атап айтқанда, Россотрудничество (Ресей), ТИКА (Түркия), Гете институты (Германия), Достық қоры (Израиль), Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ, ЮНЕСКО және тағы басқалармен меморандумдар жасау көзделген.

ҚАНДАСТАРҒА АРНАЛҒАН «ҚАЗАҚ КАРТАСЫ» ЖАСАЛАДЫ

Әлемде «Поляк картасы», түріктердің «Көк картасы» деген құжаттар бар. Сол секілді елімізде де «Қазақ картасы» деп аталатын жаңа құжат енгізіледі. Шетелдік қазақтардың Қазақстан аумағында ел азаматтарымен бірдей құқыққа ие болуына мүмкіндік беретін «Қазақ картасы» атты құжаттың жобасы дайындалып жатыр. Аталмыш құжат шетелдерде тұратын этностық қазақтарға арналады. 
«Шет елдердегі қазақтарды қолдауға бағытталған заң қабылданатын болады. Соның аясында «Қазақ картасы» деген құжат жасалуы мүмкін. Ол құжат сырттағы қазақтарға қазақстандықтармен бірдей өмір сүруге мүмкіндік туғызады. Яғни, білім алу, дәрігерге қаралу, бизнеспен айналысу, жұмыс істеу сияқты барлық өмір аспектілерінде Қазақстан азаматтарымен бірдей құқыққа ие болады. Тек саясатпен айналысуға болмайды. Ол үшін азаматтық алуы қажет. «Қазақ картасы» қолында бар қазақ отбасымен біздің елде ешқандай визасыз жүріп-тұра алады», – деп түсіндірді «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаев.
«Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев шетелде тұратын этникалық қазақтарға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның арқасында осы жылдар ішінде біздің еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан миллионнан астам отандасымыз Қазақстанға оралды. Өз кезегінде, мемлекет оларға қолайлы жағдай жасайды, оның ішінде жұмысқа орналастыру, оқыту және материалдық қолдаулар бар. Шетелде тарихи Отанына оралғысы келетін көптеген отандастар тұрады. Сондықтан да біз қазақ диаспорасының әлеуметтік-экономикалық, мәдени және білім беру қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруға бағытталған нақты шараларды бірлесіп әзірлеуіміз қажет», – деген ойымен бөлісті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.
«Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасовтың мәлімдеуінше, картаның иесіне Қазақстан азаматының саяси құқықтан бөлек барлық құқықтары беріледі екен. 
Қазір елімізде қазақ диаспорасын мемлекеттік қолдау туралы заң жобасының тұжырымдама жобасы әзірленіп, уәкілетті органдарға ұсынылып отыр. Болашақ заңнама бойынша «Қазақ картасын» енгізу қарастырылған.

Жансая Шыңғысхан,
«Qazaq» газетінің Нұр-Сұлтан қаласындағы меншікті тілшісі

Қандастарымызға мемлекет пен қоғам тарапынан жан-жақты қолдау мен көмек көрсету үшін мына жұмыстар қолға алынуы тиіс. Біріншіден, шеттегі және елге көшіп келетін ағайынды қолдау үшін «Отандастар» қорын құрамыз. Қазақ бизнесмендерін осы қорға өз үлестерін қосуға шақырамын. Мұны ұйымдастыруды Құрылтай басшылығына, Президент Әкімшілігіне және Үкіметке тапсырамын. Екіншіден, құрылған Қор Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек берудің іс-шараларын анықтап, соған сәйкес кешенді бағдарлама әзірлесін. Ол бағдарламада қазақтың көші мен алыстағы ағайынмен байланыстың барлық мәселелері қамтылуы керек. Бағдарламаның басымдықтары мен міндеттері қор арқылы іске асырылатын болады. Үшіншіден, елім, жерім деп еміренген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан айқара ашық. Ешкімге шектеу жоқ. Біз көшіп келетін ағайынға жол сілтеуді тұрғылықты жерінен бастауымыз керек. Елшіліктер азаматтардың құжатын қамдап, қоныстанатын жері туралы кеңес беруге тиіс. Оны Сыртқы істер министрлігіне тапсырамын. Сонда шекарадағы шырғалаң да, елге келген соң құжат түгендеу үшін ары-бері сабылу да болмайды. Үкіметке осының бәрін кешенді түрде қайта қарап, шешімін табуды тапсырамын. Төртіншіден, жастарға қолдау көрсету. Біз шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына жағдай жасауымыз керек. Қазір олар мемлекеттік грантпен еліміздің жоғарғы оқу орындарында оқи алады. Үкіметке отандастарымыздың жоғары білім алуын қолжетімді ету үшін оларға бөлінген квотаны 2 есеге көбейтуді тапсырамын. Шетелдік қазақ студенттері үшін біліміне қарай арнайы стипендиялық бағдарлама енгізу керек. Қай елдің азаматы болса да елде оқыған қазақ баласы ертең Қазақстанға қызмет ететінін есте сақтаған жөн. Бесіншіден, сыртта жүрген бауырлардың бір бөлігі, әсіресе, жастар ассимиляцияға түсіп, ана тілін ұмытып барады. Біз бұған ара түсуге тиіспіз. Үкімет шетелдегі қандастарымыз ықшам орналасқан өңірлерде олардың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыруы керек. Қысқа мерзім ішінде қазақ диаспорасын гуманитарлық бағыттағы әдебиеттермен, оқулықтармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуді тапсырамын. Алтыншыдан, алыстағы ағайын елден тұрақты хабар алып, байланыста болғысы келеді. Қазақстанда не болып жатқанын біліп, атқарылып жатқан істерді көргісі келеді. Қазір шетелдік көрермендерге арналған KazakhTV телеарнасы қандастарымыз тұратын аймақтардың біразын қамтиды. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Үкіметке мемлекеттік телеарналарды іргелес елдерде көрсету мүмкіндіктерін қарастыруды жүктеймін. Бұл мерзімді баспасөзге де қатысты. Жетіншіден, кез келген мемлекет кәсіби, білімді, жаңашыл мамандарға мұқтаж. «Мен тарихи Отаныма еңбек сіңіремін, оның дамуына үлес қосамын» деген әрбір талантты қазақты елге шақырамын. Үкімет осындай азаматтарды елге тартып, мамандығына, мүмкіндігіне қарай жағдай жасаудың тетіктерін қарастырсын. Сегізіншіден, біз арнайы бағдарлама қабылдап, оңтүстіктің тұрғындарын солтүстікке көшіріп жатырмыз. Ағайындар еңбек күші аз теріскей жаққа қоныстануға ынталы болуы керек. Бұл үшін көшіп келушілердің жаңа ортаға неғұрлым тез бейімделуіне жағдай жасауға тиіспіз. Ол жақта бейімдеу орталықтары жұмыс істеуі қажет. Келген ағайынды қоныстандыратын үйлер салып, әлеуметтік инфрақұрылым жасау керек. Оны бағдарлама түрінде қолға алуымыз қажет. Олардың қажетті мамандық алуына жәрдем беріліп, жұмыспен қамтудың жол картасы жасалсын. Осының бәрі – ұлтымыздың, еліміздің жарқын болашағы үшін атқарылатын маңызды шаралар болмақ.

(ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 
2017 жылы Дүниежүзі қазақтарының V-ші құрылтайында сөйлеген сөзінен)

Отанның тірегі – «ОТАНДАСТАР» ҚОРЫ